Данияр Ақышев теңгенің әлсіреу себептерін айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев теңгенің әлсіреу себептерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Теңгенің құлдырауы - ең алдымен сыртқы факторлардың әсері. Бірінші кезекте, дамушы елдер валютасының АҚШ долларына қатысты бағамы әлсіреп барады. Бүгінде АҚШ ФРЖ (Федералды резерв жүйесі) бұл саясатты жалғастырып отыр. Біз дамыған елдердің статистикасын жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Жыл басынан бері біздің тауар нарығында белсенділік көрсетіп отырған елдердің ұлттық валюталарының құны төмендеген. Атап айтқанда Түркия валютасы - 62%-ға, Үндістандыкі -14%, Қытайдыкі - 6%-ға құлдырады. Сондай-ақ, долларға шаққандағы ұлттық валюта бағамы тек дамушы елдерде ғана емес, дамыған мемлекеттерде де құлдырай түскен: Австралияда - 8%, Жаңа Зеландияда - 6%, Канадада - 3%-ға дейін әлсіреді», - деді Данияр Ақышев. 

Теңгенің құлдырауына антиресейлік санкция саясаты әсер етіп отыр. Cондай-ақ, Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарды теңге құбылуы кезінде қаражатты басқа валютаға айырбастамауға шақырды.