Данияр Елеусінов - Азия ойындарының екі мәрте чемпионы

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақ боксының тарихында Данияр Елеусінов тұңғыш рет екі мәрте Азия ойындарының чемпионы атанды.

Бұдан төрт жыл бұрын Гуанчжоу қаласында Данияр жас болғанына қарамастан, турнир барысында өзіне екі-ақ мәрте соққы дарытып, жеңімпаз болған еді. Бұл жолы ол Инчхонға дүние жүзі чемпионы, өз салмағында (69 кг) әлемдік рейтингтің көшбасшысы ретінде барды. Данияр Елеусінов ел сенімін тағы да ақтап, әдемі бокс өрнегін көрсете білді.

69 келі салмақта қазақстандық Данияр Елеусінов финалда өзбекстандық Исраил Мадримовті 3:0 (30:27; 30:27; 30:27) есебімен ұтып, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды.

Данияр Батыс Қазақстанның Қазталов ауданы Қайыңды ауылында дүниеге келді. Кейін әкесі Мараттың қол астында ағасы Дәурен екеуі Оралда жаттықты. Астанаға ауысқанмен, елге жиі келіп тұратын Даниярды батысқазақстандықтар мақтан тұтады. Енді Данияр Елеусіновке олимпиада ойындарының жүлдесі ғана жетпей тұр.