ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Данияр Елеусінов Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Туған жеріне келген боксшыға құрметті атақты Қазақстан чемпионаты барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев табыс етті.
Өңір басшысы Даниярдың әкесі Марат Елеусіновтің баптауымен бокс шыңын бағындырғанын атап өтіп, енді кәсіпқой рингте де зор табыстарға жетуіне тілектестігін білдірді.
Данияр Елеусінов өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын айтып, алдағы уақытта да ел үмітін ақтау үшін бар күш-жігерін салатынын мәлім етті.
Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан кәсіпқой боксының жарық жұлдызы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ІВО тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).