Данияр Елеусінов қарсыласын қалай бағалайтынын айтты
«Майамиде дайындық өте керемет өтті. Өзімнің осыған дейінгі екінші айқасым да сол жерде дайындаған болатынмын. Қазіргі осы жекпе-жекке де Майамиде дайындалдым. Бәрі ойдағыдай. Бабымдамын. Тек соңғы күндері салмақ қуып жүріп жатырмыз», - деді Данияр Елеусінов.
Боксшы өзінің қарсыласының өте тәжірибелі әрі мықты екенін атап өтті.
«Жалпы, Оңтүстік Американың барлық боксшылары да осал емесін білемін. Ол 33 жаста. Рингте айтарлықтай көп кездесу өткізген. Менің ойымша, жас аралығы кәсіпқой бокста аса көп ықпал етпейді. Соңғы күндері терлеуге тура келді. Қазір салмақ өлшеу рәсімін күтіп отырмын. Салмақ қуғандықтан, өте аш екенімді айтқым келеді. Алайда шыдауға болады. Бір сағаттан кейін салмақ өлшеу рәсімі басталады. Жанкүйерлерімен, жерлестеріме рахмет айтқым келеді. Қай уақытта болмасын, теледидар алдында мені күтіп отырған жанкүйерлердің қолдауын сеземін», - деді Данияр Елеусінов.
Еске сала кетсек, қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусіновтің (4-0, 2 КО) бесінші жекпе-жегін «Хабар» арнасы ертең сағат 01:00 кезінде тікелей эфирден көрсетеді. Қазақстандық боксшының қарсыласы - никарагуалық Маркос Мохика (16-2-2, 12 КО). Жекпе-жек сегіз раундтан тұрады. Елеусіновтың бұған дейінгі төрт жекпе-жегі де алты раундтан болған.