Данияр Елеусінов: Кәсіби рингтің не екенін сезіндім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтің youtube арнасында кәсіби бокстағы алғашқы жеңісінен кейінгі берген шағын сұхбаты жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Боксшының сұхбаты «Real Fight» атты youtube арнада жарияланған. Онда тілшінің сұрағына жауап берген Данияр Елеусінов өзінің кездесуден кейінгі әсерімен де бөлісе кетті.

«Зор тәжірибе алдым. Кәсіби бокстың, кәсіби рингтің, кәсіби қолғаптың не екенін сезіндім», - дейді боксшы.

«Қазақ жанкүйерлері сені дауыстап қолдап жатқанда не сезіндің?» деген сұраққа боксшы келесідей жауап берді.

«Өзімнің туған тілімдегі сөздерді естідім. Қолдауды сезіндім. Рингте бәрі естіліп тұрды. Қазақ тілінде де, орыс тілінде де қолдау білдіріп, айғайлап жатқандар болды», - дейді Данияр Елеусінов.

Еске сала кетсек, кәсіби боксқа қадам басқан Данияр Елеусінов алғашқы айқаста жеңіске жетті. Данияр Елеусіновтің америкалық боксшы Ноа Киддқа қарсы жекпе-жегі Дэниел Джейкобс пен Мацей Сулецки арасындағы айқастың андеркартында Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында өтті. Алты раундқа есептелген жекпе-жектің үшінші кезеңінде қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Сөйтіп Данияр өзінің кәсіби бокстағы бірінші жеңісін тойлады.