Данияр Елеусінов қазақстандық жанкүйерлерімен қоштасты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов шетелге аттанардың алдында әуесқой боксшы ретінде соңғы автограф-сессиясын өткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның бокс федерациясына сілтеме жасап.Астанада өткен шараға Даниярдың көптеген жанкүйерлері келді. Олар кәсіби боксқа ауысып жатқан боксшыға сәттілік тілеп, қолтаңбасын жаздыртып алды.

«Меніңше кәсіби бокста Данияр үлкен жетістіктерге жетеді. Себебі ол - дарынды спортшы. Ең бастысы, ол Қазақстанның Туын желбіретіп, ел намысын қорғайды. Біз болсақ, оған әрқашан жанкүйер болып, қолдау білдіретін боламыз. Спортшы үшін жанкүйердің қолдауы, өз Отанында оның жеңісін асыға күтіп жатқан xалықтың болғаны маңызды ғой», - дейді Әсел есімді жанкүйер.
Айта кетейік, бұған дейін журналистерге сұxбат берген Данияр Елеусінов АҚШ-қа кететін уақыты әлі де белгісіз екенін жеткізген. Сондай-ақ өзіне қатысты «Америкаға көшіп барады» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Мені Америкаға көшіп барады деп айтылып жатыр. Негізі, ол дұрыс ақпарат емес. АҚШ-қа көшіп барғалы жатқаным жоқ. Америкаға барған күннің өзінде, тек дайындыққа ғана барып отырамын. Ал жекпе-жектерден кейін еліме ораламын. Себебі бәсекелердің көбі Қытайда - Бейжің, Шанxай мен Гонгконгте өтетін болады. Америкада кәсіби бокс жақсы дамығаннан кейін сол жерде дайындалғанды жөн көрдік. Қасымда болсын, балам көз алдымда жүрсін деп, дайындық кезінде отбасымды алып кететінімді айтқан болатынмын. Бірақ түбегейлі көшіп бара жатқан жоқпын», - деді ол.