Данияр Елеусінов үшінші жекпе-жегіне қалай дайындалып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Matchroom Boxing промоутерлік компанияның твиттерінде қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтің (2-0, 1 КО) келесі жекпе-жекке дайындығы туралы видео жарияланды, деп хабарлайды Sports.kz.

«Қазақстандық Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов осы сенбіде Ice Arena Wales жеңіске жетуді мақсат етеді», - деп жазылған жарияланған видеода.

Еске салайық, Данияр Елеусінов 4 тамыз күні Кардиффте Габор Горбичпен жұдырықтасады. 

30 жастағы венгр боксшысы Габор Горбич (24-11, 14 КО) Елеусіновпен Лондонда 6 шілде күні кездесуі тиіс болатын. Алайда Горбичтің қабағының жарылуына байланысты жекпе-жек өтпеді. Бірақ ол жарақатынан айыққаннан кейін қазақстандық қарсыласымен кездесуге уәде еткен еді. 6 шілде күні Лондондағы York Hall кешенінде Данияр Венгрияның өзге боксшысы Золтан Шабомен (24-12, 10 КО) кездескен еді. Айқас төрешілердің бірауызды шешімімен отандасымыздың сенімді жеңісімен аяқталды.