«Маған Бостон ұнайды - өте жақсы қала, адамдары да жылы шырайлы. Мұнда айқасу - мен үшін абырой. Америкада көбірек бокстасқанды қалаймын, себебі АҚШ - «бокстың Меккесі». Джон Дэвид Джексон - чемпиондарды дайындаған бапкер, өзі де кезінде чемпион болған. Мен оның қамқорлығында боксымды айтарлықтай алға жылжыттым. Ол не істеу керектігін біледі», - деді Елеусінов.
Данияр Елеусіновтің айқасы Бостондағы TD Garden аренасында (АҚШ, Массачусетс штаты) 21 қазан күні таңертең өтеді. Қазақстанда оны «Хабар» арнасы тікелей эфирден көрсетеді. Басталуы Астана уақытымен 06:00-де.
Айта кетейік, 27 жастағы Елеусіновтің мүддесін қорғайтын Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы оның кәсіби бокстағы бесінші жекпе-жегінің қашан және қайда өтетінін де жариялаған болатын. Оның қарсыласы әзірге белгісіз.
Данияр Елеусінов биылғы 4 тамызда өткен жекпе-жекте венгриялық Габор Горбичті (26-13, 16КО) ұпай санымен жеңген болатын. Бұдан кейін қазақстандық боксшының BoxRec.com танымал сайтындағы рейтингі бірден 75 сатыға жоғарылады.