Даниярды қолдауға спортшылар, бокс жанкүйерлері келді. Әрбір соққы сайын, раунд соңындағы есеп қылаң берген сайын олардың қуаныштары іштеріне сыймай жатты. «Қазақстан! Қазақстан!» деп ұрандаған жұрт, раунд арасындағы үзілістерде «Иә, солай, иә, солай! Қазақ елі осындай» атты танымал өлеңді бірге шырқады.
Ерасыл, жанкүйер: «Әдемі жекпе-жек, таза жеңіс! Қарсылас мықты, бірақ Данияр бір бас жоғары болды! Ол бүгін қазақ боксының керемет үлгісін көрсетті! Оның бапкерлерін, қазақ елін осы жеңіспен құттықтаймын!».
Ержан, жанкүйер: «Әрине, Даниярмен мақтанамыз! Ол нағыз ер! Осы салмақта бізге тең келер ешкім жоқ екенін танытты. Еліміздің байрағын жоғары көтеріп, атын даңқты етті. Барлықтарыңызды құттықаймын, Риода Әділбекке, Ваняға және Дариғаға (Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко және Дариға Шәкімова - ред.) барлықтарымыз жанкүйерлік етейік! Жеңістеріне сенеміз!».
Айта кетейік, 18-нен 19-на қараған түні Әділбек Ниязымбетов финалдық кездесуде кубалық Хулио Ла Крузбен күш сынасады. Жекпе-жек Астана уақытымен 00:30-да басталады. Елордалық жанкүйерлер Әділбектің кездесуін Нұр Жол бульварында орналасқан алып экраннан тамашалай алады.