Данияр Елеусіновке финалда сергектік жетіспеді - Серік Сәпиев
- Данияр Елеусіновтің ақтық сында жеңілуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
- Әрине, бірде-бір «алтын» алмағанымыз өкінішті. Елеусіновті айтсақ, ол аздап шаршады, ақтық сында оған сергектік жетіспей тұрғаны жақсы көрініп тұрды. Жартылай финалдағы жекпе-жегін жақсы өткізді, мен финалда да өзін жақсы көрсетеді деп шамалаған едім. Жекпе-жектің алдында онымен сөйлескенде, бәрі жақсы, жартылай финалдағыдай жұмыс істеу керек екенін айтқанмын, бірақ Данияр шаршаған болар.
- Катардағы Әлем чемпионатындағы нәтижелер бойынша қандай қорытынды шығаруға болады? Иық тірескен, тартысты жекпе-жектер аз болған жоқ...
- Қос боксшы тең өнер көрсеткен жекпе-жектер де болды, кейде төрешілер даулы шешім шығарып жатты. Түрлі сәттер орын алды. Барлық жігіттер қолдан келгенше тырысып бақты. Олардың жеңілгені дұрыс та шығар, себебі Олимпиада ойындарының алдында қатемен жұмыс өткізіледі. Жаттықтырушылар штабы, жігіттер дұрыс қорытынды жасап, видеоларын қарап, талдау жүргізетініне, ең бастысы - жеңіске деген жігерлерін сақтап қалатынына үміттенемін. Сонда Қазақстан құрамасы Риодағы Олимпиадада сәтті өнер көрсете алады.