Данияр Елеусінов жаңа бокс промоушенімен келісімшарт жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов (12-0, 7 КО) UFC президенті Дана Уайт жақында құрған жаңа бокс промоушенімен келісім шарт жасады.
Бұл туралы қазақстандық All Stars Boxing промоутерлік компаниясы жариялады.
— Дана Уайттың жаңа бокс промоушеніндегі алғашқы қазақстандық боксшы, -
деп жазды All Stars Boxing компаниясы.
Әзірге қазақстандық боксшының жаңа промоушенмен қанша уақытқа келісім жасасқаны нақты белгісіз.
Айта кетейік, Данияр соңғы жекпе-жегін өткен жылы 28 қыркүйекте Алматыда филиппиндік Джо Нойнайға (23-4-2, 11 КО) қарсы өткізіп, 5-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен болатын.
Еске сала кетсек, Данияр 28 ақпанда Астанада «All Stars Boxing 3» кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға шығуы керек болған еді. Алайда, спортшы денсаулығына байланысты
жекпе-жек өткізген жоқ.
Данияр Елеусінов 2016 жылғы Рио Олимпиадасының алтын медаль иегері. Ол 2018 жылы танымал промоутер Эдди Хернмен келісім жасасып, Matchroom Boxing компаниясы аясында кәсіпқой реингке шыққан болатын.