Данияр Елеусіновке қатысты жол апаты тексеріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада екі жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан бірнеше автокөлікке зақым келді. Бұл туралы Астана полиция департаменті хабарлады.

Фото: instagram.com/yeleussinovdaniyar

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser автокөлігінің жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, оқиға орындарынан кетіп қалған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері аталған автокөлікті анықтап, Достық көшесінде тоқтатты.

Полицияның мәліметінше, көлік тізгінінде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған.

Жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидатының өзгермейтінін еске салды.

— Жауапкершілік адамның танымалдылығына, кәсібіне, лауазымына немесе сіңірген еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзып, жауапкершіліктен жалтаруға әрекет жасаған әрбір адам заңда белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Көкшетауда белгілі қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов әйеліне дене жарақатын салды деген күдікке ілінген болатын.