Данияр Қайсанов еркін күрестен ұлттық құраманың алдағы жоспарын жариялады

Фото: ҚР ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкері Данияр Қайсанов алдағы жоспары жөнінде айтып берді.

Бұл жөнінде Қазақстан күрес федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Данияр Қайсанов жақында еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалған еді.

Данияр Қайсанов 2017 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетті. 2019 жылы ол әлем біріншілігінде үшінші орынды иеленді.

2020 жылғы Токио (Жапония) Олимпиадасында Қайсанов жүлдеге бір қадам жетпей, қола медаль үшін өткен белдесуде жеңіліп қалды. Сондай-ақ оның еншісінде Азия чемпионатының екі алтын медалі бар.

— Бұл — біздің алғашқы оқу-жаттығу жиынымыз. Дайындық Алматы қаласында өтіп жатыр. Әзірлік барысы көңілден шығып жатыр деуге болады. Балуандар да өзінің бабын келтіруге көңіл бөлді. Ұлттық құрама көшбасшылары да келді. Жоспар бойынша алғашқы жарысымыз — Албанияда өтетін Muhamet Malo рейтингілік турнирі. Сондай-ақ Беларусь астанасы Минск қаласында Медведев турнирі болады. Құрама мүшелері осы екі турнирде бақ сынайды. Бұл жарыстар Азия чемпионатына дайындықтың бастауы іспеттес. Сол арқылы балуандардың қандай күйде екенін бағамдаймыз. Нәтижесінде олардың тәжірибесін арттыру, шеберлігін жетілдіруге мән береміз. Қателіктер бойынша сараптама жасаймыз, — деді Данияр Қайсанов.

Тәжірибелі маман жақында жасақталған Қазақстан еркін күрес құрамасының бапкерлік құрамы жөнінде ойын білдірді. Федерация шешімімен аға жаттықтырушы қызметіне Аслан Байгулов тағайындалса, енді Нұрлан Бекжанов, Жігер Зәкіров, Камал Гаджимагомедов жаттықтырушы қызметін атқаратын болды.

— Бапкерлікке қызметке келгелі үлкен жауапкершілікті сезінемін. Бұрын балуан ретінде өз нәтижеме жауап беретін едім. Енді ұлттық құрама жауапкершілігі маған жүктелген. Қазір сол бағытта жұмыс жасаймыз. Бапкерлік құрамға білікті мамандар жинақталған. Атап айтсақ, Аслан Байгуловтың он бес жылдан астам тәжірибесі бар. Оған қоса 2016 жылы әлем және Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған Нұрлан Бекжанов, сол жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жігер Зәкіров, Нұрқожа Қайпанов сынды әлем чемпионын дайындап шығарған Камал Гаджимагомедов сынды білікті мамандар ұлттық құраманың алдағы уақытта нәтижесін жақсартуға күш салады. Балуандарға ол кісілерден үйренетін нәрсе аз емес, — деп толықтырды сөзін Д.Қайсанов.

Бұдан бұрын еркін күрестен Қазақстан 20 жасқа дейінгі жастар құрамасының аға бапкері қызметіне Дәулет Ниязбеков тағайындалғаны белгілі болды.