Данияр жарысқа психологиялық тұрғыдан дайын болмады – Ұлттық құраманың бас бапкері
ПАРИЖ. KAZINFORM – Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарына дзюдодан ұлттық құраманы бастап келген бас бапкер Нұрбол Сүлейменов шәкірттерінің жетістігі мен кемшін тұстары туралы айтып берді.
- Бүгін Данияр Шамшаев қарсыласынан ұтылып қалды. Оған не себеп болды?
- Данияр Шамшаев жарысқа психологиялық тұрғыдан дайын болмады. Бұл жай жарыс емес, Олимпиада ойындары. Сондықтан әр спортшы физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да дайын болу керек.
- Сіздермен бірге жұмыс істейтін психологтар бар шығар?
- Бар, бірақ бізбен бірге үнемі еріп жүре алмайды. Кейде онлайын жұмыс істейді. Өзіміздің базада болады.
- Алдағы жарысқа шығатын балуандарымыздың әлеуеті қалай? Тағы кімдерден үміт күтеміз?
- Бұл Азия емес, әлем чемпионаты емес, грандслам емес, Олимпиада деген ерекше жарыс қой. Сондықтан спортшыларымыз ең бастысы психологиялық жағынан мықты болу керек деп ойлаймын. Спортшыларымыздың барлығы Олимпиадаға тыңғылықты дайындалды. Кімнің бағы жанатынын алдағы уақыт көрсетеді.
- Дзюдо құрамасынан ең бірінші болып Елдос алтын жүлде сыйлады. Бұл басқа құрамадағы жігіттерге қаншалық серпін беріп жатыр?
- Елдостің алтыны өзге спортшыларға өте үлкен күш берді деп айтуға болады. Елдостің алтынын қолдарына алып, мойындарына тағып, бәрі де мүмкін екенін сезінді. Кеше Ғұсыман Қырғызбаевқа Елдос қандай үлкен қолдау көрсетті. Оны өздеріңіз де көрдіңіздер. Міне, жігіт деген Елдостай болу керек. Оның үстіне Елдос пен Ғұсыман ұзақ уақыт бірге келе жатыр. Олар өте жақсы дос.
- Ғұсыман Қырғызбаевтің финалға дейін жетуіне мүмкіндігі болды ма?
- Әрине, болды. Сәл сәттілік жетпей қалды оған. Ол бала осыған дейінгі құрлықтық додалардың өзінде 4-5-орындарда жүрген еді ғой. Міне, Олимпиадада бағы жанды. Ең бастысы елге жүлдемен бара жатыр.
- Спортшыларымыз елге қашан оралады?
- Бізде 3 тамызда командалық жарыс болады. Сол жарысқа қатысамыз. Алла қаласа ертесі жолға шығып, 5 тамыз күні таңда Алматы әуежайына қонамыз. Оған дейін Елдос та, Ғұсыман да осында болады. Командамен бірге қайтамыз.
- Әңгімеңізге рақмет!