Дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығының қызметіне тексеріс жүреді

Фото: egemen.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрі-дәрмек нарығындағы бәсекелестік жағдайға талдау жүргізді.

Агенттік талдау нәтижесінде дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығының монополиялық әрекетін анықтады. Ақпаратта айтылғандай, аталған орталық елдегі дәрі-дәрмекті сараптап, қызмет көрсететін жалғыз ұйым, яғни толық нарыққа ие.

— Талдау барысында инспекциялау қызметіне арналған тарифті орталықтың дербес бекітетіні белгілі болды. Бұл жағдай тариф саясатының объективтілігіне кәсіпкерлер тарапынан күмән туғызып, бағаның негізсіз қымбаттауына алып келу қаупін тудырады. Мәселен, талдау нәтижесінде бір инспекциялық қызмет тарифінің 6 есе өскені анықталды, бұл дәрі-дәрмектің түпкілікті бағасына әсер етеді. Себебі өндірушілер мен жеткізушілер ілеспе шығынды шекті бағаға енгізеді, ал оны кейін мемлекет пен халық төлейді, — делінген ресми хабарламада.

Осыған байланысты монополияға қарсы орган дәрі-дәрмекті сараптау ұлттық орталығының үстемдігіне қатысты қызметтік тексеру жүргізеді.

— Сонымен қатар, инспекциялық қызметті мемлекеттік монополияға жатқызу мәселесі қаралады. Бұл болашақта тарифті реттеуге мүмкіндік береді, — деп хабарлайды Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Еске салайық, жыл басында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Президентке есеп берді

Сондай-ақ Kazinform тілшісі осы көктемде елдегі дәрі-дәрмек бағасының өзгеруіне қатысты шолу жасаған еді