Дәрі-дәрмектен сынама алу өкілеттігі мемлекеттік органға беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылау тәртібін өзгерту ұсынылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірледі .

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Құжат 2026 жылғы шілдеде заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты әзірленген.

Жобаға сәйкес, сапасын кейіннен тексеру үшін нарықтағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардан сынама алу өкілеттігін мемлекеттік органға беру жоспарланып отыр.

Қазір сынама алуға қатысты талаптар Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасына бағалау жүргізу қағидаларында қамтылған.

Министрлік бұл нормаларды аталған қағидалардан алып тастауды ұсынып отыр. Себебі алдағы уақытта сынама алу тәртібі жеке қағидалармен реттеледі.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардан сынама алу кезінде тәуекелге бағдарланған тәсіл ескеріледі.

Министрліктің түсіндіруінше, өзгерістер мемлекеттік сараптама ұйымы мен мемлекеттік органның өкілеттіктерін ажыратып, олардың қызметінің қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Жаңа тәртіп дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырады деп күтіліп отыр. Өзгерістер бизнес пен халыққа қосымша қаржылық немесе әкімшілік жүктеме түсірмейді.

Құжат «Ашық НҚА» порталында 15 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.
Бұған дейін Қазақстанда азаматтарға тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік беретін чат-бот іске қосылған еді.