Дәрі өндіруге әкелінетін заттар бақылаудан тыс қалған – Асхат Аймағамбетов

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Дәрілердің кері әсерін талдау жұмыстары тиісті деңгейде емес. Бұл туралы Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

- Заңға сәйкес, НАЦЭЛС (Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы) дәрілердің жағымсыз реакциялары туралы хабарламаларды жинап әрі талдап, шара қабылдау үшін жіберуге міндетті. Бірақ аудит көрсеткендей, 28 «сары карточкасы» бар дәрілік заттар бойынша ешқандай шара қабылданбаған. Оның үстіне, дәрілердің кері әсерлері туралы 137 ақпарат келіп түскенімен, тек бір препарат кері қайтарылған, - деді А. Аймағамбетов палата отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін талқылау кезінде.

Оның айтуынша, дәрілерді өндіру үшін әкелінетін субстанциялар бақылаудан тыс қалып отыр.

- Кім не әкеліп жатыр? Олар құюға дайын дәрі ме? Осы заттар қаншалықты қауіпсіз? Мұның бәрі бізге беймәлім, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін жариялады.

Сонымен қатар Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек екенін айтып, осы саланы сынға алды.