Дарақылық пен даңғазалық: депутат еліміздегі мектеп бітіру кештерін сынға алды

АСТАНА.KAZINFORM – Мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеу керек. Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінде депутат Жарқынбек Амантайұлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Фото: Мәжіліс

– Еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, 2025-2026 оқу жылы аяқталды. Биыл 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын тәмамдаса, оның ішінде 215 мыңнан астамы мектеп бітіруші түлек атанды. Мектеп бітіру – әр азаматтың өміріндегі маңызды белес. Бұл күн ең алдымен білімге құрметтің, ұстаз еңбегін бағалаудың және жаңа өмірге қадам басудың символы болуы тиіс еді. Алайда соңғы жылдары мектеп бітіру рәсімі тәрбиелік мазмұнынан алыстап, әлеуметтік бәсекенің, дарақылықтың және орынсыз даңғазалықтың көрінісіне айналып бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр, – деді ол.

Депутаттың сөзінше, биылғы соңғы қоңырау кезінде еліміздің бірнеше өңірінде қымбат автокөліктен құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережесі өрескел бұзылды.

– Алматы қаласында мектеп түлектерінің автокортежіне байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Ал Маңғыстау облысында түлектердің қымбат көліктермен шеру өткізіп, әлеуметтік желіде сән-салтанатты насихаттаған видео кеңінен тарады, – деді ол.

Алайда мәселе тек автокортеждермен шектелмейді. Биыл қоғамда ерекше талқыланған тағы бір құбылыс – мектеп бітіруші түлектерге арналған алып гүл шоқтарының жарысы болды.

– Әлеуметтік желіде жүздеген гүлден құралған композициялар, қымбат сыйлықтар мен салтанатты рәсімдер қалыпты жағдай ретінде көрсетілді. Өкінішке қарай, мұндай бәсеке көптеген отбасыға ауыр психологиялық және қаржылық қысым түсіргені анық. Кейбір ата-аналар баласының қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға, бөліп төлеуге гүл немесе сыйлық алуға мәжбүр болғанын ашық айтылып жатыр. Бұл жағдай әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары арасында психологиялық тұрғыда оңай болмайтыны белгілі. Біз балаларға білім мен еңбектің құндылығын емес, қымбат көлік пен қымбат гүл арқылы мәртебе көрсетуді насихаттап жатқан жоқпыз ба? – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Сонымен бірге, ол мектеп бітіру рәсімі әлемдік тәжірибеде қалай атқарылатынына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан құрудың басты қағидатының бірі ретінде Заң мен тәртіпті, адал еңбек пен қарапайымдылық мәдениетін қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Ал мектеп қабырғасындағы мұндай көріністер жас ұрпақтың санасында тұтынушылық психологияны, жалған бедел мен сыртқы әсерге табынуды қалыптастыруы мүмкін. Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, дамыған елдерде мектеп бітіру рәсімі тәрбиелік мазмұнға құрылған. Негізгі назар оқушының жетістігіне, қоғамдық белсенділігіне және болашақ мақсатына аударылады. Ал материалдық жарыс білім беру жүйесінің құндылығына қайшы келеді, – деді депутат.

Осыған байланысты ол Үкіметтен мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді сұрады.

Сонымен қатар соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештерінде орынсыз сән-салтанатқа, автокортеждерге және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеу бойынша нақты тетік енгізуді, білім беру ұйымдарында әлеуметтік бәсекені емес, тең мүмкіндіктер мен рухани құндылықтарды дәріптейтін түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектеп бітіру мәдениетін қалыптастыру жөніндегі ұлттық тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеу мәселесін көтерді.

Айта кетейік, бұған дейін мейрамханаларда мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға тыйым салынғанын жазғанбыз.