Дарбаза - Мақтаарал теміржол желісі қашан салынады

Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қытай бағытындағы теміржолдың өткізу қабілетін жылына 76 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев айтып берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Бүгінгі күні көрші бес елмен 27 теміржол шекара пунктері арқылы байланыс орнатылған. Оның басым бөлігі өзінің өткізу қабілетін толықтай қолдануда. Жыл қорытындысы бойынша Қытай және Орталық Азия бағыттарындағы Достық, Алтынкөл және Сарыағаш станцияларының техникалық қуаттылығы толық жүктеледі», - деді М. Қарабаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Достық станциясын жаңғырту аясында Достық – Мойынты учаскесінде екінші жол салу қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, Қытай тарапымен тиісті келіссөздер жүргізіліп, Қорғас шекаралық пунктіне келетін Цзинхе – Қорғас учаскесіне екінші жолдарды салу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Аталған жұмыстар аяқталса, жалпы екі шекаралық станцияның өткізу қабілеті тағы 14 млн тоннаға артып, жылына 56 млн тоннаны құрамақ. Сондай-ақ, Бақты – Тачэн үшінші өткізу пунктін ашу жоспарда бар. Бұл жоба шекарадағы теміржол инфрақұрылымының қуатын тағы 20 млн тоннаға арттырып, жалпы Қытай бағытындағы теміржолдың өткізу қабілетін жылына 76 млн тоннаға дейін жеткізеді», - деді Көлік министрі.

Оған қоса, Орталық Азия бағыты бойынша жылына 10 млн тоннаға дейін жүк өткізу қуатын қамтамасыз ететін Дарбаза – Мақтаарал темір жол желісі салынады. Жыл соңына дейін Дарбаза – Мақтаарал жобасының құрылысы басталады.

«Шекара пунктерінен бөлек, магистралды желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда магистралды жолдардың ұзындығы 16 мың шақырымға жетеді, оның тек 5 мың шақырымы екі жолмен, 4200 шақырымы электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету мен магистралды теміржол желілерінің қуатын арттыру үшін биыл 567 шақырым учаскеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 1300 шақырым болатын 4 теміржол жобасының құрылысы бойынша жұмыс атқарылуда», - дейді М. Қарабаев.

Өткен жылы Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жер төсемін орнату жұмыстары 70%-ға орындалған, 316 шақырым рельс-шпал торы құрастырылып, 151 шақырымында төсеу жүргізілген. Жобаны іске асыру учаске қуаттылығын 5 есе арттырады.

Өткен аптада Алматы станциясы айналма жолының құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Бақты – Аягөз жобасын инвестор қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр. Бүгінде тиісті шешімдер қабылданып, жоба құрылысын бастау бойынша дайындық жүргізілуде.