Дәретханасынан құйма алтын табылған ұшақ жерге шұғыл қонған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бортында 100-ден астам жолаушы болған IndiGo үнді әуе компаниясының ұшағы дәретханасынан алтын құймалар табылған сәтте жерге шұғыл қонуға мәжбүр болған. Әуелде лайнердің экипаж мүшелері күмәнді орамада жарылғыш зат бар деп күдіктеніп, ұшақты қондыруға шешім қабылдаған, деп жазады Утро.ру.

Сингапурдан Үндістанның оңтүстігіндегі Ченнаи қаласына бет алып бара жатқан ұшақ Куала-Лумпур әуежайына бейсенбі күні таңертең шұғыл қонуға мәжбүр болған. Құтқарушылар тобы экипаждың барлық мүшелері мен жолаушыларды салоннан шығарып жіберіп, ұшақ бортынан табылған пакетті ашып тексерген. Одан жалпы салмағы бір килограммға жетер-жетпес алтын түстес үш құйма кесек табылған.

Мамандардың айтуынша, табылған кесектер алтын құймалар тәрізді, бірақ, бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Құймалардың иесі әзірге табылмады. Жергілікті полиция қызметкерлері ораманы дәретханадан жолаушылар ұшақтан шығарылғаннан кейін алып шыққандықтан, олар ешкімнен жауап ала алмады. Тексеру аяқталған соң ұшақ өз сапарын жалғастырып, Үндістанға қарай бет алды. Тергеу жұмыстары жалғасуда.

Үндістанға алтын тасымалдау үшін контрабандашылар ұшақтардың дәретханаларын жиі пайдаланатынын айта кеткен жөн. Құқық қорғау органдарының өкілдері болса, алтын контрабандасының жиілеуін осы бағалы металды Үндістанға тасымалдау салығының 10%-ға дейін көтерілуімен байланыстырады. Әлемдегі алтынды көп тұтынатын негізгі елдердің бірі болып саналатын бұл елде (2013 жылдың алғашқы үш тоқсанында мұнда алтынды тұтыну мөлшері 715 тоннаға жеткен) оның импортталуын заңмен шектеу алтынның заңсыз тасымалдануы оқиғаларын арттырып отыр.