Дарға асылған адам қайта тірілді

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Иран елінде жуырда бір келі есірткімен ұсталған, екі баланың әкесі Али Рызаға өлім жазасы беріліп, оған сот отырысы «дарға асу» туралы шешім шығарған еді. Сот үкімі осы айдың басында Боджнурд қаласында жүзеге асып, оны дарға асқан болатын.

Muslim.kz сайтының жазуынша, үкім орындалған сәттен 12 минут өткен соң түрме қызметкерлері Али Рызаны өлді деп мәйітханаға апарып тастайды. Алайда, ертесі күні мәйітхана қызметкерлері әлгі адамның бойынан жаны шықпағанын көріп таңғалысты.

Бұл хабарды түрме билігі тосырқай қарсы алса, туыстары шаттыққа бөленді. Бірақ олардың қуанышы көпке созылмады. Өйткені, жергілікті сот органдары оның қайтадан дарға асылатынын айтқан еді. Бұл жағдайға Ұлтаралық кешірім ұйымы да араласып, Иран билік органдары сот үкімін қайта талқылауға жібереді. Нәтижесінде, кеше Иран Әділет министрі Мұстафа Пүрмұхаммад «бір мәрте ажал тырнағынан аман қалған адамды екінші рет дарға асудың қажеті жоқ» деп, Али Рызаның екінші рет дарға асылмайтындығы туралы БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасады.