Дәрігер балалар жиі шалдығатын анемияның негізгі белгілерін атады

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Анемия жүкті әйелдер мен балалар арасында жиі анықталып, иммунитеттің әлсіреуіне және созылмалы шаршауға әкеледі. Бұл туралы гематолог Айгүл Қалиева айтты.

— Темір тапшылығы — ағзадағы барлық процестерге әсер ететін маңызды мәселе. Алғашқы белгілер байқалса, уақыт оздырмай тексерілген жөн, — деді гематолог маман Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Маманның айтуынша, анемияның негізгі белгілеріне әлсіздік, бас айналу, шаршағыштық және терінің бозаруы жатады. Ауруды анықтау үшін тек жалпы қан талдауы жеткіліксіз — ферритин, В12 дәрумені мен фолий қышқылын да қосымша тексеру қажет.

Темір препараттарын тамақтан 2 сағат бұрын, тек сумен қабылдау керек. Сүт, шай, кофе темірдің сіңуін тежейді. Дәрігердің айтуынша, күнделікті тағам арқылы қажетті темір мөлшерін толықтыру мүмкін емес — күніне қажет 40 мг темір шамамен бес килограмм етке тең, сондықтан препараттар міндетті түрде қажет.

Бұған қоса, 6 айдан 2 жасқа дейінгі балаларға темірге бай тағам беру, жүкті әйелдерге уақытылы тексеруден өту ұсынылады.

Айта кетейік, елімізде балалардың 50%-дан астамы анемияға шалдыққаны жайлы жазған едік.

Кәмилә Мүлік