27 жылдан бері осы қызметін адал атқарып келе жатқан Алматы қалалық кардиологиялық орталығының аға медбикесі Гүлзада Рахымбаева осылай деп ойлайды.
Гүлзада Рахымбаева Алматы қалалық кардиологиялық орталығына 27 жыл бұрын медбике болып жұмысқа қабылданған. Содан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатыр. Қазір ол реанимация бөлімінің аға медбикесі. Бар ғұмырын медицина саласына арнаған Гүлзада Рахымбаева — өз ортасындағы ең тәжірибелі маман, жастарға үлгі болып жүрген жан.
«Медицина саласына деген қызығушылығым бала күнімде пайда болды. Өйткені, менің анам фельдшер болған. Бұл мамандық мейірімділікті, шыдамдылық пен ептілікті қажет етеді»,- дейді ол.
Медбикенің айтуынша, медбикелерді тек дәрігердің айтқанын орындаушы ғана деп түсінуге болмайды, олар — дәрігердің сенімді серіктесі. Дәрігер тағайындаған емінің нәтиже беруі осы медбикелерге байланысты.
Әсіресе, реанимация бөлімінде жұмыс істейтін медбикелердің арқалаған жүгі ауыр. Олар күн сайын өлім мен өмірдің арасындағы адамдардың аман қалуы үшін күреседі.
«Бұл топтық жұмыс. Тек күш біріктіру арқылы ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Дәрігер терапияны тағайындайды, біз бәрін адал орындаймыз. Өмір мен өлім арасында жатқан науқастарды жіті бақылап, олардың өмірге қайта келуіне уақытпен санаспай, бар күш-жігерімізді жұмсаймыз», - дейді медбике.
Гүлзада Рахымбаева уақытпен санаспай жұмыс істейтіндерін тілге тиек етті.
«Біздің түскі асқа белгіленген уақытымыз жоқ. Егер бізде пациент көп болса, онда түскі үзіліске шықпаймыз. Ес-түссіз қалыптағы науқасты әріптестерімізбен кезектесіп қараймыз», - деп атап өтті Гүлзада.
Айтуынша, жауапкершілігі мол реанимация бөлімінде 16 медбике жұмыс істейді.