Дәрігер кеңесі: 40 градустық ыстықта қалай қорғануға болады

Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Биылғы жазда Алматы ерекше ыстық болып тұр, термометр бағанындағы көрсеткіш қырықтан асып кетті.

Синоптиктер мұны Иран мен Ауғанстаннан келіп жатқан ыстықпен байланыстырып отыр. Бұл қала тұрғындарына ауыр тиіп жатыр. Жел жоқ, асфальт қызып кеткен. Адамдар түгілі гаджеттер мен техниканың өзі шыдамай жатыр.

Қырық градус ыстықта не істеу керектігін Ұлттық госпиталь жедел жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Нұрсейіт Медеубеков айтып берді.

Фото: Нұрсейіт Медеубековтің жеке мұрағатынан

— Қарт кісілер, созылмалы аурулары бар адамдар, жүкті әйелдер мен балалар қауіп тобына жатады, оларға ерекше назар аудару керек.

Бізге күн өтіп кету, жүрек-қан тамырлары ауруларымен, қысымның өзгеруімен, әлсіздікпен жиі жүгінеді.

Күн қатты ысығанда үй-жайларда болған жөн, бас киім киюді, мойынға дымқыл орамал тағуды ұсынамын, себебі дәл осы аймақ арқылы жылу алмасу жылдам жүреді.

Өзіңізбен бірге су алып жүріңіз, көп су ішіп, ағзада электролиттердің көп мөлшерде жетіспеуіне жол бермеу үшін мүмкіндігінше суға бір шымшым ас тұзын салыңыз немесе минералды су ішіңіз.

Ыстық түнде жақсы ұйықтау, денені салқындату үшін, дымқыл ақжайма жамылып, мысырлық әдісті қолдануға болады.

Сіңімділігі жақсы, жеңіл тағамдар ішіңіз. Жаңа піскен жемістер мен көкөністер, жарма, ашытылған сүт өнімдері, ыстық сорпаны салқын түрлерімен ауыстырған жөн, - дейді маман.

Егер терезелер күн жаққа қараса, жиһазды, еденді және қабырғаларды қыздырып, «жылу тұзағы» әсері пайда болады. Күні бойы терезелерді және оның пердесін жабық ұстау керек. Желдетудің тамаша уақыты — түн мен таңертеңгі уақыт. Ашық түсті киім болса да, жабысып тұратын киім киюге болмайды, терморегуляцияның негізгі механизмі — тердің табиғи булануына жол бермейді және бұл дененің қызып кетуіне әкелуі мүмкін. 

Ыстықта мұздай душқа түсу тамырларды тарылтады, бұл құрысулар тудыруы мүмкін. Салқындап алу үшін салқын сумен шайынып, сүлгімен сүртінбеген дұрыс. Кондиционерлерден салқын тиюі мүмкін, абай болу керек.

Маман бұл кеңестің барлығы келесі айда да қажет болатынын айтады, өйткені тамыз да ыстық болады деп болжанып отыр.