Дәрігер: Терезеден құлаған балалардың көбі — бес жасқа дейінгілер

АСТАНА. KAZINFORM — Жазда балалардың терезеден құлау қаупі арта түседі. Астананың балалар хирургі Динат Қожекенов мұндай оқиғалардың салдары қандай болатынын, неліктен масаға қарсы торға сүйенуге болмайтынын және балаларды жазатайым жағдайдан қалай қорғауға болатынын түсіндірді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Елорда әкімдігі атап өткендей, дәрігердің айтуынша, зардап шегушілердің басым бөлігі — бес жасқа дейінгі балалар. Әсіресе екі-төрт жас аралығындағы бүлдіршіндер қауіп-қатерді толық түсінбей, жазатайым жағдайларға жиі ұшырайды.

Дәрігер масаға қарсы торлардың ерекше қауіп төндіретінін атап өтті. Балалар оны сенімді немесе қорғаныш ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда мұндай торлар баланың салмағын ұстап тұруға арналмаған.

— Масаға қарсы торлар өте нәзік келеді. Олардың бекіткіштері сынып кетіп, бала тормен бірге құлап кетуі мүмкін, — деді дәрігер.

Биіктен құлаған балалар көбіне ауыр жарақат алады. Олардың қатарында аяқ-қол, омыртқа, қабырға және бас сүйек сынықтары, сондай-ақ ми мен ішкі ағзалардың зақымдануы кездеседі.

Ауыр жағдайларда баланы құтқаруға нейрохирургтер, реаниматологтар, хирургтер, урологтар, травматологтар, офтальмологтар және жақ-бет хирургтері жұмылдырылады.

Маманның айтуынша, екінші немесе үшінші қабаттан құлаудың өзі өте қауіпті. Жарақаттың ауырлығы тек биікке ғана емес, баланың қалай құлағанына және қандай ағзалары зақымданғанына да байланысты.

— Екінші қабаттан құлап, соңы өліммен аяқталған жағдайлар болған. Сондықтан төменгі қабаттан құлау қауіпсіз деп айтуға болмайды, — деді ол.

Ең қауіптісі — бас жарақаттары, мидың және ішкі ағзалардың зақымдануы. Тіпті жеңіл көрінетін сынықтардың өзі ауыр жарақаттық шокқа әкелуі мүмкін.

Дәрігердің сөзінше, баланың сыртқы жағдайына қарап жарақаттың қаншалықты ауыр екенін әрдайым анықтау мүмкін емес. Сондықтан терезеден құлаған кез келген жағдайда дереу жедел жәрдем шақыру қажет.

Дәрігерлер келгенге дейін баланы орнынан қозғалтпау керектігін ескертеді. Тек ол жол үстінде немесе өзге де қауіпті жерде жатқан жағдайда ғана қауіпсіз орынға көшіруге болады. Егер қан кетсе, оны таңғышпен тоқтатуға тырысып, бірден жедел жәрдем шақыру керек.

Сондай-ақ дәрігер мұндай жағдайда халық еміне жүгінуге болмайтынын ескертті.

— Жарақат жеңіл көрінгеннің өзінде, терезеден құлау фактісінің өзі 103 қызметіне хабарласуға жеткілікті себеп, — деді Динат Қожекенов.

Оның айтуынша, қайғылы жағдайлардың негізгі себептері — терезелерде арнайы бекіткіштердің болмауы және балаларды аз уақытқа болса да қараусыз қалдыру.

Дәрігер кішкентай балаларды жасөспірімдердің қарауына қалдырмауды да ерекше атап өтті. Өйткені үлкендеу балалар мен жасөспірімдер бір мезетке көңілі бөлініп кетсе, бүлдіршіннің ашық терезе маңына барғанын аңғармай қалуы ықтимал.

Маманның пікірінше, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін үш қарапайым ережені сақтау қажет: Терезелерге арнайы қауіпсіздік бекіткіштерін орнату, қорғаныс құралдары жоқ болса терезені ашық қалдырмау және балаларды терезеге оңай жақындай алатын бөлмеде қараусыз қалдырмау керек.

Осыдан бұрын Алматыда жыл басынан бері төрт бала терезеден құлап кеткенін жазғанбыз.