Дәрігердің оқуына түсемін деген өскемендік 3 млн теңгеге алданып қалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласының тұрғыны медициналық университетке оқуға түсемін деп алаяққа алданып қалды. ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адамды әңгімеге тартқан алаяқ қажетті құжаттарды рәсімдеп, жоғары оқу орнына қабылдануына көмектесуге уәде берген.

Фото: Gov.kz

— Күдікті жәбірленушіге өзін жалған есіммен таныстырып, оқуға түсуге көмектесе алатынына сендірген. Алданып қалған жігіт оған қажетті құжаттары мен 3 млн теңге көлемінде ақша берген. Бірақ уәде етілген көмек көрсетілмеді. Құжаттар университетке тапсырылмаған, ер адам оқуға қабылдаған. Ал күдікті алған ақшасын сол күйі қайтармаған, — делінген ақпаратта.

Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.
Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Еске салсақ, осыған дейін Астанада жүргізуші куәлігін жасап беруді уәде еткен алаяқ 3 жыл 6 айға сотталғаны хабарланған.