Комитет төрағасының орынбасары Жандос Әділханның мәліметінше, медицина қызметкерлерін сертификаттау электронды форматта eLicense порталы арқылы жүргізіледі.
Азаматтар медицина қызметкері туралы деректерді осы порталдағы «Рұқсат беру құжаттарын іздеу» бөлімінен ала алады. Ол үшін медицина қызметкерінің деректері қажет.
– Маман сертификаты дәрігерге белгілі бір мамандық немесе мамандандыру бойынша клиникалық практикамен айналысуға мүмкіндік береді. Қолданыстағы талап бойынша, медицина қызметкері клиникалық практикаға жіберілу үшін тиісті мамандық немесе мамандандыру бойынша маман сертификатына ие болуы тиіс, - деді спикер.
Бұл талап дәрігер бірнеше медициналық мамандық бойынша жұмыс істеген жағдайда да қолданылады. Комитеттің түсіндіруінше, дәрігер әрбір мамандық бойынша клиникалық практикамен айналысуға рұқсат беретін сертификатқа ие болуы керек.
Қазір жаңа мамандық бойынша маман сертификатын алу үшін дәрігер сол мамандық бойынша резидентураны аяқтағаны туралы куәлік ұсынуы қажет.
– Ал бұған дейін, яғни 2022 жылғы 15 қарашаға дейін басқа тәртіп қолданылды. Ол кезде жаңа мамандық бойынша сертификат қайта даярлаудан өткенін растайтын құжат негізінде де берілді. Мұндай қайта даярлау кемінде 860 сағаттық оқуды талап етті. Соның нәтижесінде кейбір тәжірибелі дәрігерлерде бір кәсіби бейінге жататын екі немесе одан да көп мамандық бойынша сертификат болуы мүмкін, - деді комитет төрағасының орынбасары.
Осылайша, пациент дәрігерге жазылмас бұрын оның тиісті мамандық бойынша сертификаты бар-жоғын eLicense порталынан тексере алады.