Дәрігерге шабуыл жасалды: денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын жариялады

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде науқас баланың әкесі кезекші хирургқа күш қолданған. Осы оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми түсініктеме берді.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, 31 қазан күні сағат 15:40-та ауруханаға іші ауырып, әлсіздікке шағымданған бала жеткізілген. Кезекші хирург науқасты қарап, жалпы қан талдауын және құрсақ қуысының рентгенографиясын тағайындаған. Тексеру нәтижесінде шұғыл хирургиялық ота жасауды қажет ететін патология анықталмаған.

Дәрігер ата-анасына тексеру қорытындысын түсіндіріп, спазмолитикалық препарат тағайындау қажеттігін айтқан сәтте баланың әкесі агрессия танытқан. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ер адам алдымен жұмыс үстелін теуіп, кейін дәрігердің жағасынан ұстап, қылқындырып, қабырғаға итеріп, күш қолданған.

Ведомство өкілдері ауруханадағы бейнебақылау жазбаларын зерделеген. Ішкі тексеру қорытындысы бойынша дәрігер тарапынан медициналық этика мен деонтология талаптарын бұзу немесе жанжалға себеп болатын әрекеттер анықталмаған. Оқиғаға сол уақытта қабылдау бөлімінде болған өзге науқастардың ата-аналары да куә болған.

Басқарма бұған дейін баланың ауруханаға бірнеше рет жүгінгенін де хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, 19 қазанда бала хирургия бөліміне жатқызылып, диагностикалық лапароскопиялық аппендэктомия жасалған. 22 қазанда анасы өз өтінішімен стационарлық емді жалғастырудан бас тартқан. Ал 25 қазанда қайта жүгінген кезде ата-анасы емді жалғастыруға келіспеген. Медициналық құжаттарда анасының медицина қызметкерлеріне ешқандай шағымы мен талабы жоқ екені туралы қолхаты бар.

Оқиғадан кейін аурухана қызметкерлері полиция шақырып, зардап шеккен дәрігер ресми арыз түсірген. Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған дейін Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған ер адам қамауға алынды.