Дәрігерлер Елена Рыбакинаның кортқа шығуына қатаң тыйым салған
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Елена Рыбакинаның Олимпиададан шығып қалуына орай мәлімдеме жасады.
«Қазақстанның теннистен ұлттық құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина денсаулығының сыр беруіне байланысты XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайды. Қазір Елена жіті бронхит ауруына шалдыққан, дәрігерлер оған кортқа шықпақ түгілі тіпті ұшақпен жарысқа ұшып баруына да қатаң тыйым салған болатын. Рыбакина Олимпиадада керемет ойын көрсету үшін барын салып дайындалды, алайда сырқатына байланысты бұл мүмкін болмады» деп хабарлады министрліктен.
Ведомство спортшының тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіріп, оның аз уақытта жарысқа қайта оралуын асыға күтетінін жеткізді.
Айта кетелік, Елена Рыбакина жеребе тарту рәсімінің қорытындысы бойынша румыниялық Кристиан Жаклинмен кездесуі керек еді.
Рыбакина бұған дейін Токио Олимпиадасына қатысып, қола медаль үшін өткен матчта жеңіліс тапты.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Елена Рыбакинаның биылғы Олимпиадаға қатысудан бас тартқанын хабарлаған едік.