Дәрігерлер кейде түні бойы тігінен тік тұрып ота жасайды – анестезиологпен сұхбат
Науқасқа ота жасаған кезде, оны аман алып қалу бірнеше фактордан тұрады, соның бірі – анестезия. Бүгін, 16 қазан – дүниежүзілік анестезиологтер күні. Осы орайда, Kazinform агенттігінің тілшісі маңызды мамандықпен жақынырақ танысу үшін «Орталық клиникалық аурухана» АҚ анестезиология және реанимация бөлімшесінің жоғары санатты дәрігері Альбина Исраиловамен сұхбат құрған еді.
- Алдымен, медицина саласын таңдауыңызға не түрткі болды, осыдан бастасақ...
- Дәрігер мамандығы маған бала кезімнен ұнады. Анаммен балалар емханасына барғанда кезек күтіп отырғанда дәрігерлердің ақ халатта жүретіні, емхананың иісі жақын тартты. Мамандығыма келсем, С. Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университетін тәмамдадым, мамандықты таңдау кезінде анестезиолог-реаниматологті таңдадым. Өйткені, бұл мамандық бірнеше саланы біріктіреді және шешімділікті, интуицияны, нақтылықты, сезімталдықты қажет етеді.
№7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасы базасында анестезиология-реаниматология бойынша интернатурадан өттім. Көптеген пациенттерді танып, зерттей отырып, осы бөлімде жұмыс істеймін деп шештім. Тәжірибелі мамандар қолдап көмектесті. Дәрігерлер, анестезиологтермен жақын таныса бастадым. Іс-шара, конференцияларға барып жүрдім. «Наркозистер» және «реаниматорлар» дәрігерлердің құрамына кірдім. 2013 жылдың наурызынан бері Президент Іс басқармасы ауруханасында жұмыс істеймін.
- Көпшілік жергілікті, мәселен тіс емдеуде қолданылатын жансыздандыру мен жалпы анестезияны біледі, негізі қанша түрі бар?
- Анестезия – науқастың процедураны ауырсынуын және басқа да қолайсыздықтарды жою үшін кез келген хирургиялық араласуды жасамас бұрын қолданылатын процедура. Анестезияның негізгі түрлері: жергілікті анестезия, аймақтық анестезия (өткізгіш, жұлын, эпидуральді) анестезия – жалпы анестезия (эндотрахеальды анестезия, көктамыр ішіне анестезия) бұл әдістерді қолданудың қатаң көрсеткіштері бар. Сондықтан, пациент анестезияға қарсы көрсетілімдер үшін алдын ала тексеруден өтуі керек. Науқасты уақытша жансыздандыру әдісін анестезиолог операция жасайтын хирургпен талқыла отырып таңдайды және ота кезінде пациент мүмкіндігінше ыңғайлы болу үшін жалпы шешімге келеді.
- Ал шұғыл жағдайда ота жасағанда анестезияға қатысты шешім қалай қабылданады? Кім қабылдайды?
- Бізде жоспарлы оталар бар, бұл дегеніміз – пациент операцияға алдын ала дайындалып, сынақтарды тапсырып, 1-2 күн бұрын анестезиологпен кеңеседі. Науқастың жағдайын, оның ілеспе ауруларын, қабылдайтын дәрі-дәрмектерін саралаймыз. Ал шұғыл операциялар кезінде дайындалуға уақыт жоқ, бәрі тез жасалады. Барлық қажетті сынақтар алынып, пациент операцияға мүмкіндігінше қысқа мерзімде дайындалады. Мұндайда анестезиолог пациентке көмек көрсетуі үшін бар мүмкіндікті пайдаланады. Хирургке анестезия қанша қажет болса, сонша уақытқа созылады, сондықтан анестезиолог пен ота жасаушы хирург тікелей жұмыс істейді.
- Демек, анестезиолог операция аяқталғанша науқастың жанында болады...
- Анестезиолог – отаға дайындық жүргізетін және науқасты анестезияға енгізетін дәрігер. Ота алдында науқаспен әңгімелесіп, психологиялық дайындық жүргізетінін айттым. Операцияға қажетті дайындық туралы кеңес береді, анамнез жинап, қарсы көрсеткіштерді, аллергиялық реакциялардың болуы мүмкіндігін анықтайды.
Науқас операция үстеліне жатқаннан кейін анестезиолог ауырсынуды басады (анестезияның түріне байланысты). Мұнан соң операция кезінде қан қысымын, импульсін, тыныс алуын мұқият бақылайды және өмірлік маңызды органдар мен жүйелердің қызметі бұзылған жағдайда көмек көрсетеді. Ота жасаған сәттен бастап, анестезиядан шығуына дейін бақылайды.
- Адам өмірі үшін жауаптылықты сезіну ауыр емес пе?
- Иә, ота жасалатын адам өмірінің қауіпсіздігі көбіне анестезияға байланысты. Маман кез келген уақытта пациенттің жағдайын бағалай білуі керек, оған тиісті көмек көрсетуі үшін әрдайым дайын болуы қажет. Сондықтан, операция кезінде эмоционалды және физикалық белсенділік жоғары болады. Оның үстіне, оталардың көбі бірнеше сағатқа созылады және осы уақыт ішінде дәрігер зейінін тек отаға шоғырландыруға міндетті. Өйткені, анестезиологтің кез келген қателігі науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Бір айта кетерлігі, дұрыс әрекеттің өзі әрдайым сәттілікке әкелмейді. Сол себепті, анестезиолог-реаниматолог – күрделі, бірақ сұранысқа ие әрі пайдалы мамандық. Менің ойымша, біздің сала мамандары үшін шыдамдылық пен жауапкершілік маңызды.
- Жұмыс барысында болған есте қаларлық оқиғамен бөліссеңіз?
- Бір оқиға есімде, 2011-2012 жылдары жас жігіт шұғыл түрде реанимацияға түсті. Қатты ұрып-соққаннан ішкі мүшелеріне зақым келген, бірнеше жерінен пышақталған. Сол түні хирургтер мен нейрохирургтер және анестезиологтер бірге оның өмірі үшін күрестік. Дәрігерлер түні бойы тігінен тік тұрып ота жасады. Ол мұнан соң реанимацияда 1 жарым ай жатты. Әжесі, ата-анасы қарады, өзі отбасындағы жалғыз бала екен. Мұндай жағдайда сіз адамдардың ризашылығы мен үмітін көресіз. Сонымен, ол жазылып, жарты жылдан кейін маған жұмысқа келді. Мен оны тіпті танымай қалдым, толық қалпына келген, үйленген. Ол отбасымен қазір де хабарласып тұрамыз. Ол дәрігерлерді ұмытпады, алғысын айтып тұрады. Жылда кәсіби мерекемде гүл жібереді. Пациенттердің осылай дені сау болып жүргенін көру – керемет сезім.
- Мерекеңіз құтты болсын! Әңгімеңізге рақмет!