Дәрігерлер ірі жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы баяндады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында болған жаппай жол апатында 20 адам, оның ішінде 8 бала жарақат алды. 

Фото: otyrar.kz

— Ақкөл орталық аудандық ауруханасына түрлі деңгейде жарақат алған 3 адам жеткізілді. Барлығының жағдайы тұрақты. Бұланды орталық аудандық ауруханасына 11 адам түсті, олардың бесеуі, соның ішінде бір бала ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендерге бас-ми жарақаты, сүйек сынуы және дене көгеруі диагноздары қойылды. Алтауы амбулаторлық емделуге жіберілді, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Сондай-ақ Бурабайдағы медициналық орталыққа төрт адам, оның ішінде бір бала жеткізілді. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылған, үшеуі амбулаторлық ем қабылдап жатыр.

— Астанадан екі бала апат орнынан ауруханаға жатқызылды. 2021 жылы туған бір балада бас-ми жарақаты мен ми шайқалу белгілеріне күдік бар. Ал 2009 жылы туған жасөспірімде кеуде қуысының жарақаты мен тізе буынының көгеруі анықталды», - деп толықтырды басқарма.

Бұған дейін «Астана-Щучье» тас жолында жаппай көлік апаты болғаны хабарланған еді. Құтқарушылар 63 ересекті және 8 баланы эвакуациялады.