Словакия премьер-министріне не үшін қастандық жасалды

АСТАНА. KAZINFORM – Словакияның премьер-министрі Роберт Фицоға жасалған шабуыл ел халқы мен билігін қатты күйзелтті. Дәрігерлер үкімет басшысының өмірі үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды Еuronews. 

Фото: Petr David Josek/AP

Словакия премьер-министрі Роберт Фицоға қастандық жасаудың мән-жайын анықтаған алғашқы тергеу қылмыстың саяси себептерін көрсетеді. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігінің басшысы Матуш Шутай-Ешток мәлімдеді.

Словакияның қорғаныс министрі Роберт Калиняктің хабарлауынша, дәрігерлер үкімет басшысының өмірі үшін күресіп жатыр. Бұл мәлімдеме жасалған кезде дәрігерлер оған ота жасап жатқан.

«Премьер-министр Роберт Фицо осында, Банска-Бистрицадағы ауруханада емделіп жатыр. Елдің Қорғаныс министрі мен Ішкі істер министрлігі басшыларының қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты жақында ғана аяқталды. Премьер-министрге жасалған шабуыл елді және Фицо үкіметінің министрлерін қатты күйзелткені анық. Бұл оқиға Словакиядағы терең саяси қайшылықтарды көрсетті», - деп хабарлайды Euronews тілшісі Габор Танач.

Науқан кезінде Роберт Фицоның SMER партиясы демократияға нұқсан келтірді деп айыпталды. Фицо мен оның партиясы оппозицияны Батысқа «елді сатты» деп айыптады. Қорғаныс министрі Роберт Калиняктің мәлімдеуінше, премьер-министрге жасалған қастандық елдің азаматтық соғыстың алдында тұрғанын көрсетті.

Президент Зузана Чапутова Словакияда жек көрушілікті тоқтату керек екенін айтты.

Р.Фицоға шабуыл 15 мамырда түстен кейін жасалды. Оқиға Гандловадағы үкіметтің көшпелі отырысына кейін болды. Фицо оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Күдікті оқиға орнында ұсталды.