Дәрігерлер жүрегі 4 рет тоқтап қалған, жаңа босанған ананы аман алып қалды

Фото: Фото: Алматы көпсалалы клиникалық аурухана

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының дәрігерлері төрт рет жүрегі тоқтап қалған, жаңа босанған ананы аман алып қалды.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел жүктіліктің 36 аптасында белі мен іштің төменгі жағының қатты ауырсыну шағымен түскен. Дәрігерлер шұғыл кесарь тілігі отасын жасап, әйел салмағы 3390 грамм қызды дүниеге әкелді. Отадан кейін сегізінші күні жаңа босанған ана баласымен қанағаттанарлық жағдайда ауруханадан шығарылды. Бір аптадан кейін жас ана есінен танып, аудандық ауруханаға қайта түсті. 

Фото: Алматы көпсалалы клиникалық аурухана

«Дәрігерлер науқас тұрып жатқан Райымбек ауданының Нарынқол ауылына шұғыл жетті. Қысқа уақыт ішінде науқастың жүрегі төрт рет тоқтап қалды. Жүргізілген реанимациялық іс-шаралардың нәтижесінде жергілікті реаниматолог пен Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының мамандары пациенттің жүрек — қантамыр қызметін қалпына келтірді», — дейді АККА кардиолог дәрігері Айгүл Тұрсағатова.

Науқастың жүрек қызметі қалпына келтірілгеннен кейін Республика көлемінде бейінді штаттан тыс мамандарының қатысуымен телемедициналық консилиум ұйымдастырылды.

«Науқаста қабыну процесі тез дамып, ағзадағы көптеген мүшелердің асқынуы байқалып, соның салдарынан бүйрек жеткіліксіздігі пайда болды. Науқас бірден prismaflex гомеостазды экстракорпоральды түзету аппаратына қосылды. Бұл септикалық шоктың ауыр жағдайында бүйректің зақымдануы бар науқастармен жұмыс істеуге арналған арнайы құрылғы. Бұл аппарат бізге 72 сағат бойы терапевтік плазмалық алмасуды және бүйректі алмастыру терапиясын ұзартуға мүмкіндік берді, оның ішінде: метаболизм өнімдерін жою, сұйықтықты шығару, қышқыл-негіз балансын бақылау және электролит балансын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді», — дейді нефролог дәрігер Майра Қағазбаева.

Мамандар аудандық ауруханада төрт тәулік бойы медициналық көмек көрсетіп, вазопрессорлардың дозаларын азайтып, желдеткіште санитарлық авиация желісі бойынша 5-тәулікте гемодинамиканы тұрақтандыру үрдісі анықталғаннан кейін науқас АККА реанимациясына ауыстырылды.

«Біздің мамандардың үйлесімді топтық жұмысы мен кәсібилігінің арқасында қазіргі уақытта науқас өзін жақсы сезініп, жалпы палатаға ауыстырылды және хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. Мұндай жағдайларда, әдетте, өлім-жітім өте жоғары болады. Біз науқасты құтқарып қалғанымызға қуаныштымыз және ол көп ұзамай ауыр зардаптарсыз балаларына оралады», — деп бөлісті АККА директоры Елмира Берікова.