«Оның бастапқы тізімде неге болмағанын білмеймін. Бірден айттық. Кеше Дарханды жерлеу рәсім болып, оған қатыстық. Ешкім жасырған жоқ, біздің мәліметімізге сәйкес, 9 адамның қаза тапқанын айттық. Дархан басқа ауылда, Әлжан ана ауылында тұрған. Сондықтан бұл жерде жасыру болған емес», - деді Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар, ол бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет башысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылды. Топ қатарында Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері бар. Олар қазіргі уақытта жұмыс істеп жатыр. Тергеу жүргізілуде», - деді Жамбыл облысының әкімі.
Еске салайық, 7 ақпан күні Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұзақылық сипаттағы жаппай төбелесті айыптап, арандатушылар бұны одан сайын өршіткенін мәлімдеді.
Сондай-ақ вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылатынын, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстары ұйымдастырылатынын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатынын мәлім етті. Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма берілді.