Дархан Қыдырәлі: Қазақстанның әр өңірінде ашаршылыққа арналған ескерткіш болса артық етпейді

АСТАНА.  ҚазАқпарат - Қазақстанның әр өңірінде ашаршылыққа арналған ескерткіш болса артық етпейді. Бүгін Sarap Time сарапшылар клубының «Тарихи сана және қоғамның рухани қауіпсіздігі» тақырыбындағы отырысында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Білуімше, Алматыда ашаршылыққа ескерткіш орнатылмақ екен. Осы Арқада да, қазақтың қай жерінде де ашаршылыққа, зұлмат жылдарға ескерткіш  болса артық болмас еді деп ойлаймыз. Екі баласы болса бір баласын пісіріп жеген оқиғалар ол біздің  тарихымыздағы үлкен алапатты кезең», - деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен қатар ол күштеп ұжымдастыру, межелеу саясаты да қазақ халқының көп қиындықтар туындатқанын баса атап өтті.

«Ағайын ағайыннан қол үзіп қалды. Біздің қазіргі Орталық Азиядағы біршама проблема болса, ол сол межелеу саясатының кесірі. Бір ғана Жетісуда бірге отырған халық үш мемлекеттің  құрамында қалып қойды. Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан болып бөлініп қалды», - деді ол.

Мұнан бөлек, Халықаралық Түркі академиясының президенті саяси қуғын-сүргін зардаптарына да тоқталды.

«Әлхамдуилла 6 млн халықпыз деп  жазған Алаш зиялыларының ешқайсысы одан тыс қала алған жоқ. Халық үштен екісінен айырылып  қалды  деген статистика қазір  көбірек айтылуда. Бірақ, ең бастысы халық тек қана өзінің адам саны емес шын мәнінде  ұлттық жадыдан айырылды», - деді ол.