«Меніңше, бұл оқиғаның бағасы Президент айтқандай «негізгі себеп анықталғаннан кейін» беріледі. Бұл жерде біз халықтың жеке санатының тарапынан құқықтық нигилизмді әрі Қордай ішкі істер бөліміндегі полиция қызметкерлерінің әлсіз дайындығын көріп отырмыз. Егер олар кәсіби түрде әрекет еткенде оқиғаның салдары мұншама ауыр болмас еді. Олар құқықбұзушының бағынбай, көрсеткен қарсылығының жолын кесер еді. Менің ойымша, Ішкі істер министрлігі тиісті қорытынды шығаруы керек», - деді Дархан Мыңбай.
Еске сала кетейік, кеше Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.
«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.
Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.