«Қазір біз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Бұл сайлау біздің Тәуелсіздігіміздегі маңызды кезең. Өйткені осындай билік транзитін жүзеге асырудың қадамы жүрді. Бұл тұрғыда біз Президентімізді сайлап алып, тас-түйін бекініп, ары қарай өзіміздің қазақстандық жолымызды жалғастырамыз деп ойлаймын», - деді Дархан Мыңбай Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу арнап, онда еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдағанын жариялаған болатын.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деген еді Қ.Тоқаев.