Аталмыш анықтамалық бастапқы буын дәрігерлеріне тегін берілетін дәрілік заттар туралы медицина принциптеріне негізделген дәйекті ақпарат құралы болып табылады. Қазіргі таңда республиканың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында елеулі өзгерістер бар. «Сондай-ақ амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің моделін жетілдіру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Қаржылық шектеулер жағдайында халықты дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде жоғары сапалы деңгейге жету - дәрілік препараттарды сатып алуға бағытталған ресурстарды қолданудың тиімділігін жетілдірусіз мүмкін емес. Дәрілік қамсыздандыруды оңтайландыру үшін денсаулық сақтау тәжірибесіне дәрілік заттарды орынды қолдану мен формулярлық жүйені дамытуды енгізу қажет»,-делінген баспасөз қызметінің мәліметтерінде.
Сондай-ақ ондағы деректер бойынша, соңғы уақытта дәрігерлердің көбіне ескірген ақпаратты, жарнамалық сипаттағы деректерді қолданатыны байқалады. Дәрілік заттарды орынды қолдану ұғымы дәрілік заттарды дұрыс және тиісінше қолдануды меңзейді. Орынды қолдану деген пациенттердің уақыттың тиесілі аралығында тиісті дәрілік препараттарды дұрыс мөлшерлемесімен және ең төмен құнымен алуын білдіреді. Міне, сондықтан Дәрі-дәрмек ақпараттық орталығы Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен халықты амбулаториялық деңгейде тегін қамсыздандыру жөніндегі анықтамалық әзірлеп, таралымын шығарды.