Бүгін Астанада «Қазақстан ФармМедИндустрия» қауымдастығының мүшелері, фармацевтикалық кәсіпорын директорлары бас қосты. Онда Елбасының отандық дәрі-дәрмек көлемін 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы мен саланың проблемалары талқыланды.
«Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасына келсек, онда негізінен құрылысы салынатын және жаңартылатын 26 зауыт жоспарланған. Осының ішінде 10 зауыт 2010-2011 жылдары іске қосылды. Алайда, олардың басым бөлігі негізінен медициналық мақсаттағы бұйымдарды, оның ішінде бірреттік шприцтер, қан құю аппараттары, халаттар мен бахилалар секілді заттарды ғана құрайды. Сондықтан да, дәрілік заттарды шығаратын зауыттардың негізгі инвестжобалары 2013-2014 жылдары жүзеге аса бастайды. «Ромад» компаниясы Азия Даму Банкімен бірлесіп жаңа зауыт салуда», - деді «Қазақстан ФармМедИндустрия» қауымдастығының президенті Серік Сұлтанов.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында фармацевтика саласына шетелдік инвестициялар ағыны да арта түскен. Мәселен, Шымкенттегі «Химфарм» АҚ-ға Еуропа нарығына кеңінен танымал «Польфарм» компаниясы келіп, олар қаражат қана емес, өздерінің жаңа технологияларын да енгізуде. «Ауқымы жағынан үшінші орында тұрған «Глобал Фарм» жауапкершілігі шектеулі зауытына да стратегиялық инвестор ретінде ірі түрік компаниясы «Әбди Ибрахим» келіп кірген. Бұл компанияның әлемнің 30 еліне, оның ішінде Еуропаға өнімін өткізудегі орны бөлек екендігін мамандар мойындайды. Сондықтан, Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмектер алдағы уақытта тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, Кеден одағы ауқымына да қанат жаюға мүмкіндігі артпақ», - деді С Сұлтанов.