Дәрі-дәрмекті мемлекеттік сатып алулардағы бірыңғай дистрибютерді енгізу нәтижесінде бюджет қаражаты 40 пайызға үнемделген

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дәрі-дәрмекті мемлекеттік сатып алулардағы бірыңғай дистрибютерді енгізу нәтижесінде бюджет қаражаты 40 пайызға үнемделген. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС-нің Бас директоры Вадим Зверьков мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Фармацевтика саласындағы сатып алуларды жүйелі құрылымдау бюджет қаражатын үнемдеу тұрғысынан да маңызды. Мәселен, былтырғы жылдың ортасына таман ілкі жоба ретінде жүзеге асқан кезеңнің өзінде бұл саладағы бюджет қаражатын үнемдеу 40 пайызға жуықтаған болаты. Жалпы, бұнымен қоса бірыңғай сатып алу дистрибютері қазақстандық қамту деңгейін арттырып қана қоймай, еліміздің бүкіл аумағы бойынша теңгерімді баға саясатын қалыптастыратын болады», деді В. Зверьков.

Оның айтуынша, 2010 жылы бірыңғай дистрибютер мемлекет тарапынан стационарлық көмек ретінде сатып алынатын дәрі-дәрмектердің жалпы мөлшерінің 70 пайызға жуық үлесін орындайтын болады. Қалған 30 пайызы және амбулаториялық емдеуге қатысты сатып алулар әзірше өңірлердің үлесіне қалдырылып отыр.