Жиын барысында Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова апатты және үш ауысымдағы мектеп мәселелері былтыр шешілуі тиістігін, алайда бұл ұзаққа созылып бара жатқанын айтқан болатын. Депутаттың сөзіне қарағанда, жыл сайын бюджеттен осы мақсатқа қаражат қарастырылғанымен, ол қаражат басқа жаққа бұрылып, нәтижесінде апатты және үш ауысымдағы мектептер саны азаяр емес. «Қаражат бөлініп жатыр, ал мектептер қажетті аудандарға салынып жатқан жоқ. Егерде білім министрлігі халықтың көші-қоны, бала туу саны, индустрияландыру аясындағы шоғырландыру секілді мәселелерді нақты зерделеп, ол бойынша белгілі бір көрсеткіштерді әкелмейінше, бұл мектеп жыры солай жалғаса бермек. Екінші бір мәселе - министрлікте бір істі бастайды да, оны аяғына жеткізбестен орта жолда қалдырып екіншісіне ауысып кетіп жүр. Апатты мектептер мәселесі де солай», - дейді Г. Қарағұсова.
Осыған орай, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов апатты және үш ауысымдағы мектептер проблемасы көптеген облыстар бойынша алдағы үш жылда, ал тұтастай республикада бес жылда өз шешімін табатынын айтқан еді. Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы Қазақстанда 150 мектеп салынса, соның 70-і республикалық бюджет есебінен қамтылып отыр. «Апатты мектептер дегеніміз не - соны білесіз бе? Бұл әр күн сайын баланың өміріне қауіп төніп тұратын мектептерді білдіреді», - деді өз кезегінде фракция жетекшісі Дариға Назарбаева Білім министріне қарата айтқан сөзінде. Сонымен қатар, депутат апатты және үш ауысымдағы мектептер проблемасын соза бермей бір жылдың ішінде шешуге кеңес берді.