Кездесу алдында Үкімет басшысының орынбасары емхананы аралап, дәрігерлердің медициналық жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс барысымен танысты.
Д. Назарбаева бұндай кездесулер өте маңызды екенін айта келе, яғни медицина саласындағы кәсіби қоғамдастықтың мәселелері, салада толғандырып отырған бағыттар кеңінен талқыланатынын жеткізді.
«Жаңа осы емхананың жұмысымен танысып өттім. Қазіргі заманғы бұл медициналық орталық және соңғы буынды құралдармен жабдықталған. Жалпы, осында ақпараттандыру толықтай жүргізілген. Онлайн режімде дәрігерге жазылып, үйден шықпастан консультация алуға болады. Менің ойымша, жақын арада осындай мүмкіндіктер еліміздегі барша медициналық мекемелерде болуы тиіс»,-деді ол.
Айта кетейік, бұл медициналық мекеме «100 мектеп - 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынып, 2014 жылдың ақпан айынан жұмысын бастады. Емхана бір ауысымда орташа есеппен алғанда 500 адам қабылдайды, оның 350-і ересек тұрғындар болса, 150-і - балалар. Медициналық мекемеде жаңаша құралдармен жабдықталған ота жасау кабинеті бар.