Дариға Назарбаева Орталық Азияның бірыңғай визасын қалыптастыруды ұсынды
ҚР Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан мен Өзбекстан сенаторлары кедендік реттеуді жетілдіру, тауар айналымын арттыру және туризм саласындағы ынтымақтастықты ұлғайту туралы ұсыныстар айтты.
«Ашық әрі айқын және достық шекарасын қалыптастыру керек, сонда барлық салалардағы қарым-қатынастар тереңдей түседі», - деді Д.Назарбаева. Ол үшін барлық кедендік рәсімдерді бірыңғайлау керек. Ақпараттандыру салалары іске қосылмай, жедел даму мүмкін емес. Қазіргі ақпараттық жүйелер болмайынша шекарада бақылау жүзеге аспайды.
Ол азиялық «Silk viza» шенгенін қалыптастыру туралы ұсыныс айтты. Парламентшілер барлық мәселелерді кезең-кезеңмен шешу үшін бірлескен Жол картасын әзірлеуге уағдаласты. Сенат комитеттерінің деңгейінде өзара іс-қимылдың осындай сипаты жалғасатын болады.
Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық байланыстар, шетел инвестициялары және туризм комитетінің төрағасы Әлішер Құрманов Өзбекстан мен Қазақстан арасында шешілмеген мәселелердің жоқ екенін атап өтті.
Шараға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің, ауыл шаруашылығы, қорғаныс және аэроғарыштық өнеркәсібі, мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері қатысты.