Дариға Шәкімованың анасы: Әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Өткен түні мыңдаған солтүстікқазақстандықтар толқыныс үстінде болды. Жартылай финалда өңір тумасы Дариға Шәкімова олимпиада чемпионы америкалық Кларесса Шилдспен жекпе-жекке шықты.

Бәрінен бұрын спортшының анасы Зейнеп Шәкімова қатты алаңдады. Тіпті айқасты көруге жүрегі дауаламады. Қола жайлы оған туыстары хабарлаған.

«Әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазір үйде қонақтар көп, бәрі құттықтауда», - деді З. Көкекқызы.

Дариға Шәкімованың алғашқы бапкерлерінің бірі Сабыржан Сақтағанов өз тәрбиеленушісін мақтан тұтатынын, жүлде үшін қуанышты екенін жеткізді.

«Дариға олимпиадалық медальға 10 жыл әзірленді. Оның арманының орындалғаны үшін өте қуаныштымын», - деді Сабыржан Сақтағанов.

Дариға америкалық қарсыласымен тең ойын өткізді, - деді спорт шебері, ҚР кикбоксинг бойынша еңбек сіңірген бапкері Руслан Есеналин.

«Дариға үнемі  техникасының жоғарылығымен   ерекшеленді, аяқпен  жақсы жұмыс істейді. Жылдам қозғалады. Олимпиадада америкалықпен жұдырықтасқаны тартысты өтті. Жекпе-жек ауыр болды, бірақ Дариғаға жеңіске деген ұмтылысы жәрдемдесті».