ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазіргідей коронавируспен жаппай күрес жүргізіліп жатқан кезеңде өз міндетімізді кәсіби әрі жауапкершілікпен атқара білуіміз керек. Бұл туралы Бәйтерек аудандық ауруханасының дәрігер-реаниматологы Азамат Ізбасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, дәрігер болып 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді.
«Қазіргі кезде провизорлық бөлімшеде 29 наурыздан бері жұмыс жасап жатырмын. Әрине, осындай уақытта медицина қызметкерлеріне үстемеақы төленіп жатқаны – мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Емделушілерге барынша қызмет көрсетудеміз. Олардың арасында коронавируспен шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болғандар немесе шет елден келгендер бар», дейді Азамат Ізбасов.
Дәрігер негізі наурыз айында еңбек демалысына шығуы керек екен. Бірақ демалыс төтенше жағдайға байланысты кейінге қалдырылды.
«Ең бастысы, індет қатерінен тезірек құтылып, қалыпты өмірге оралсақ екен. Бұған өз үлесімізді қосу – кәсіби әрі азаматтық борышымыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Ізбасов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 215 медицина қызметкеріне 22,6 млн теңге төленгенін, өңірде соңғы тіркелген екі науқастың бірі Ресейден келгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).