Дәрігер Дәния Жанаисова: Жұқпалы дерттердің ішінде ең қауіптісі – коронавирус
- Дәния Қисағалиқызы, дәрігерлік – өмірде аса қажет мамандықтың бірі. Сіздің осы жолға түсуіңізге не себеп болды?
- Дәрігер болуды бала кезден армандадым. Өзім Жаңақала ауданы Көпжасар ауылдық округіне қарасты Сейтқызыл деген малшы ауылда дүниеге келіппін. Әкем Қисағали Екінші дүниежүзілік соғысқа бес жыл бойы қатысқан.
Бірнеше рет жараланып, госпитальда емделіп шыққаннан кейін қайтадан майданға аттанып отырған. Қабырғасынан, жағынан оқ тиіп, ұртын тесіп өткен. Қыс кезінде ұртынан бу шығып тұратын.
1977 жылы Көпжасар ауылындағы Дина Нұрпейісова атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін көп ойланбастан Ақтөбеге тарттым. Арман-мақсатым орындалып, 1984 жылы Ақтөбе медицина институтының емдеу ісі факультетін тәмамдап, терапевт мамандығын алып, елге оралдым.
- Ендеше, еңбек жолыңызға тоқтала кетсеңіз?
- Жаңақала аудандық ауруханасына инфекционист дәрігер болып барып, 29 жыл бойы еңбек еттім. 1993-2003 жылдары аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары да болдым. 2013 жылы Орал қаласындағы №3 емхана инфекционисі болып орналастым. 2014 жылдан бері №6 емханадамын.
Өз міндетіме қоса қандай қосымша жұмыс берілсе де, бар ынтаммен атқарып жүрдім. Дәрігердің ең басты міндеті – адамды емдеу, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызмет қой. Зембілмен келген науқастың емделіп шығып, отбасына қосылып, алғыс айтқанын көруден асқан қуаныш жоқ дер едім.
- Түрлі жұқпалы аурулармен күрес ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазір әлемді жайлаған коронавирус індетінің солардан ерекшелігі қандай?
- Арғы ғасырды айтпай-ақ қояйық. Өз басым дифтерия, менингит, іш сүзегі, дизентерия, қызылша, тұмау, желшешек секілді жұқпалы дерттерді көрдім. Коронавирустың айырмашылығы, тез жұғып, жылдам өршиді, уақтылы емделмесе, өлімге соқтырады. Дерттің тырнағына іліккен адамның бұрынғы ауруы болса, жағдайы ауырлай түседі.
Осы індет басталғаннан бері емхана дәрігерлері де тыным тапқан емес. Сүзгіден өткізу кезінде кеңес беру, мобильді топта жүрген дәрігерлерді бағыттау маған жүктелген. Адамзатты індеттен екпе ғана құтқаратынын тағы да айтқым келеді.
- Жалпы, №6 емхана қызмет ететін Зачаган кенті бойынша тұрғындарды егу жұмыстары қалай жүріп жатыр, оны да айта кетсеңіз?
- №6 емхана бойынша осы кезге дейін 23 500 адам вакцинаның бірінші, соның ішінде 22 мыңы екінші компонентпен егілді. Сондай-ақ 3 700 адам ревакцинациядан өтті. Оған қоса 890 адам Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасын қабылдады. Бұл вакцинамен жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер, мүгедектер егілуде. Екпенің кері әсерін көрген жоқпыз.
Емхана бойынша тіркелген тұрғындардың 58 пайызы екпеден өтті. Халық 80 пайыз егілсе, індет тоқтайды, тегістей екпе алса, толық жойылады деген үміт бар. Өйткені қара өлім аталған шешек ауруын да екпе тоқтатқаны тарихтан белгілі. Осындай қиын кезеңде індетті ауыздықтау үшін ел болып жұмылып жатқанда, дәрігерлерге де саулық, амандық тілеймін.
- Соңғы сауал, көктем мерекесіне орай барша жұртқа, әріптестеріңізге не тілек айтар едіңіз?
- Көптен күткен көктем мерекесі құтты болсын! Ұзамай Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы да есік қағады. Олай болса, көктеммен бірге ел жаңарып, дала құлпырсын! Аспанымыздан тыныштық, бейбітшілік кетпесін! Індет жойылып, бай-қуатты болатын күнге бірге жетейік, ағайын!
- Әңгімеңізге рахмет!