«Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы нақты алдын алу шарасы жоқ (вакцинация сияқты), сондықтан барлық алдын алу шаралары таралу механизмін бұзуға бағытталуы керек. Карантиннің негізгі мақсаты – инфекцияның таралуын болдырмау. Инфекция ауа тамшылары арқылы, яғни адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде берілетіндіктен инфекцияны таратушы да адам», - деді Манар Смағұл телефон арқылы «ҚазАқпарат» тілшісіне.
Оның айтуынша, біздің айналамызда науқастанған адам пайда болса, жалғыз механизм – қарапайым алдын алу ережелерін сақтау.
«Яғни, әлеуметтік қашықтықты сақтау және маска тағу. Шаралардың тағы бірі – карантин. Байланысқан адамдарды оқшаулау қажет. Себебі індетті таратуы мүмкін ең қауіпті топ – науқаспен байланыста болғандар», - деп атап өтті спикер.
«Коронавирус өршіп кеткен жағдайда инфекцияның таралуының алдын алатын жалғыз шара – карантин. Ол инфекцияның адамнан адамға берілмеуіне көмектеседі», - деп толықтырды М.Смағұл.
Авторы: Азамат Сыздықбаев