Дәрiгер мен пациенттің арасындағы әдепті қалыптастыру үшін ел бюджетінен 13 млн.теңге бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда арнайы әлеуметтiк жоба аясында дәрiгерлер медиация әдiстерiне оқытылады. Бұл туралы аталған жобаны қолға алған «Тұтынушылардың ұлттық лигасы» қоғамдық бiрлестiгiнiң басшысы Светлана Романовская мәлiм еттi.

Оның айтуынша, бұл қадам дәрiгерлердiң пациенттермен жылы қарым-қатынас жасауы үшiн қажет болып отыр. Медиация сабақтары елдiң барлық облыстарында өткiзiлмек. 2014 жылы қыркүйекте басталған науқан шеңберiнде Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, қалаларында 225 денсаулық сақтау қызметкерлерi оқытылған.

Осы мақсаттарға ел бюджетiнен 13 миллион теңге қарастырылған және ол 2015 жылдың соңына дейiн жалғасады.

«Әлеуметтiк зерттеу нәтижесiнен кейiн көз жеткiзгенiмiз - дәрiгерлер мен пациенттер арасында түсiнiсудiң, қарым-қатынас жасасудың көпiрi жоқ. Халықтың 32 пайызы дәрiгерлердiң iлтипатына, ықыласына және ауруханалардағы ұзын-сонар кезектерге көңiл толмаушылық бiлдiрген. Ал 62 пайызы дәрiгердiң көрсеткен қызметiне жалпы қанағаттанатындықтарын жеткiзген. Тек, 6 пайызы оның қанағаттанарлықсыз жұмысына шағым айтты. Көрiп отырғаныңыздай, халықтың денi дәрiгерлермен тiл табыса алмаудың немесе оларды жете түсiнбеудiң нәтижесiнде келеңсiздiктер орын алады. Яғни, кәсiби деңгейдiң төмендiгi емес, дәрiгермен арадағы қарым-қатынасқа наз бiлдiредi, жылы шырай танытуын қалайды. Сондықтан, бiз қазiр аймақтарды аралап, бас дәрiгерлердi медиацияға оқытамыз, сол «көпiрдi» салуға тырысамыз», - дейдi С.Романовская.

«Елдегi дәрiгерлердiң жылы шырай танытып, халықтың қас-қабағын бағуына не кедергi дейсiздер ғой?! Бұл үлкен жүктеме, халық нөпiрi бiрнеше есе көп. Дәрiгерлерге бiр жағынан үлгеру қажет, сол кезде асығыстық танытады. Сондықтан, ауруханалар мен емханалардың санын арттыру қажет», - деп түйдi сөзiн ол.