***
Соңғы кезде дәрігердің қатесінен болған өлім-жітімге байланысты дау-дамай өртшіп тұр. Бұрын да аз емес еді, енді тіпті бой берер емес. көбіне дәрігерлердің қатесінен науқасы асқынып, қол-аяғынан айырылып, тіпті ажал құшып жатқандар да бар. Мұндай жағдай орын алғанда көбіне науқас өз құқығын қорғай алмай пұшайман болып жатады. Міне осы мәселе арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің бейсенбілік санында «Дәрігердің де, науқастың да құқын қорғайтын заң керек» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті, тарих ғылымының кандидаты Хайролла Ғабжәлелмен арадағы сұхбат «Қазақ тарихы - әлемдегі орны бөлек, ең бай, ең терең тарих» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Біздің тарихшылардың жасықтығы, бізде шығып жатқан Архаим қазба қаласын орыстар иемденіп отыр. Тура солай, біздің аймақта табылып жатқан археологиялық мұраларды өзгелер бірде парсынікі дейді, бірде басқанікі дейді. Біздің тарихшылар осыған жұмған ауыздарын ашпайды», - деді.
***
«Нұр Отан» партиясы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов шілде айында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарды», деп жазады «Айқын» газеті «Қоғамдық қабылдау адамдардың мұң-мұқтажын шешеді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, осы уақыт аралығында қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 5 289 өтініш келіп түскен. Бір қуантарлығы, бұрынғымен салыстырғанда зейнетақы мен төлемақыларды төлеу турасындағы арыздар - 4,4 пайызға, ал тұрғын үй және коммуналды қызмет саласындағы шалағайлықтарға қатысты шағымдар 4,1 пайызға азайған.
Жер бетіндегі құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан әлемдік алып держава - КСРО-ның біржола күйреуіне әкелген ТЖМК (Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет) - Мәскеудегі тамыз бүлігінен бері жиырма жыл өтіпті. Қазан төңкерісімен басталып, соңы «қайта құрумен» аяқталған тұтас бір дәуірдің тарих сахнасынан кетуіне себеп болған 19 тамыздағы мемлекеттік төңкеріске талпынысты ұйымдастырудың басы-қасында кімдер тұр? Бұл сауалдардың жауабын білгіңіз келсе, «Айқын» газетіндегі «КСРО үшін болған соңғы қантөгіс» деген мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
«Елордадағы Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы Оңтүстік Кореяның Анам госпиталінің мамандарымен бірлесіп, алғаш рет созылмалы бүйрек функциясының кінәраты бар сырқаттарға лапароскопияның көмегімен бүйректі алмастыру операциясын жасады», - деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, операциялардың ерекшелігі, бұл тәсіл пациентті аз жарақаттайды және сырқаттарды оңалтудың операциядан кейінгі кезеңін 10-14 күннен 2-3 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
***
«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Украина Президенті Виктор Януковичпен телефон арқылы сөйлесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан-Украина қарым-қатынастарының кең ауқымын, атап айтқанда сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мәселесі мен Қазақстан Президентінің ағымдағы жылдың сәуірінде Украинаға сапары кезінде қол жеткізген келісімдерді іске асыру барысын талқылады. Сонымен қатар халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі маңызды мәселелер туралы пікір алмасылды.