«Диас біздің ауруханаға ақпанның 22-нен 23-не қараған түні түсті. Аурудың анамнезі бойынша баланы ересек адам соққыға жыққан. Ауруханаға түскен кезде барлық дәрігерлер - травмотологтар, хирургтер, нейрохирургтер оны тексерді. Тексеру жұмыстары жүргізіліп, құрсақ қуысы органдарына узи зерттеулері жүргізілді. Одан кейін бас миына компьютерлік томография жасалды», - дейді дәрігер.
Бас дәрігердің орынбасары сонымен қатар Диас Мұраттың нақты диагнозын атады.
«Бүгінгі диагнозы: бас миының шайқалуы, иық буындары мен белдің жұмсақ тінінің жаралануы, бес аумағының жаралануы. Қазіргі уақытта баланың жағдайы орташа-күрделі, өміріне ештеңе қауіп төндіріп тұрған жоқ. Томография қорытындысына сәйкес, бас миы жағынан қан құйылуы немесе жарақат алу жағдайы жоқ», - дейді ол.
Ұлықбек Асылбековтың айтуынша, әдетте, мұндай жарақатпен түскен балалар 5-7 күндей ауруханада жатып, жеті күндей бақылауда болып, одан ары неврапотологтың бақылауымен тұрғылықты жеріне қайтарылады.
«Бала бізге түскен кезде есін білген. Қазір бастың аздап ауырғаны сақталып тұр. Бас миының шайқалуы жеңіл бас-ми жарақатына жатады. Ота жасалған жоқ», - деп түйді ол.
Еске сала кетейік, Қорғалжын ауданының тұрғыны Айгүл Бекжанова Фейсбук әлеуметтік желісіне А.Төлеубаев атындағы орта мектепте оқитын ұлы, 8-сынып оқушысы Диас Мұқанды Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаров соққыға жыққандығы туралы жазған болатын. Онда зардап шеккен баланың анасы ұлының «мидың шайқалуы» диагнозымен Қорғалжын аудандық аурханасына, кейін Астана қаласындағы №2 ауруханасына жеткізіп, нейрохирургия бөлiмшесінде жатқанын айтқан еді.
Бұл жазба көпшілік арасында наразылық тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары оқушыға қол көтерген әкімнің ісін қатаң сынға алды. Осы мәселе бойынша ҚазАқпарат ХАА тілшісі прокуратура органдарына сауал жолдады. ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі Мұқан Диастың денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша Қорғалжын аудандық ішкі істер бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын атап өтті.
Фото: benhmantinh.vn